Бала денсаулығын сақтаудың бір жолы жарақаттанудың алдын алу. Бала жарақаты әртүрлі жағдайлар мен себептерге байланысты болады. Сондықтан, негізгі назар балалармен жүргізілетін тәрбиелік жұмыстарға аударылуы тиіс. Бұл жұмыстар ата-аналар, тәрбиешілер, мейірбикелердің тығыз байланыста болуы арқылы жүргізіледі.
Соғылу, сыну, шығарып алу және т.б. сияқты жарақаттар аяқ асты орын алады. Балалар ең алдымен қоршаған ортаның қолайсыздығы, көңіл бөлмеу, қамсыздық, асығыстық, жол ережелерін сақтамау, көшеде, үйде, ойын кезінде, күнделікті тұрмыста бала тәртібінің дұрыс болмауының және т.б. салдарынан жарақат алуға тап болады.
Педагогтар мен ата-аналар жарақаттанудың алдын алу және болдырмау үшін мына бағыттарда жұмыс жүргізулері тиіс.
- қоршаған ортадағы қолайсыздықтан, жарақат қаупін туғызатын жағдайлардан сақтану, оларды болдырмау;
- балаларды қауіпті жағдайлар пайда болу кезінде олардан сақтанудың қауіпсіз әдістері мен тәсілдеріне үйрету.
Жарақаттану түріне қарай тұрмыстық, спорттық, көліктік жарақаттану деп бөлінеді.
Тұрмыстық жарақаттану жағдайлары мектеп жасына дейінгі балалар арасында жиі кездеседі. Қауіпті жағдайларды болдырмас үшін, сыртқы және ішкі өрттен сақтануға арналған баспалдақтар бала бойынан биік ағаш шарбақтармен қоршалуы тиіс. Ал балабақшадағы баспалдақ қанаттары үлкендердің бойынан төмен дайындалғаны дұрыс.
Топ бөлмелерінің есіктері әйнек болмауы керек, өйткені балалар қозғалыс кезінде әйнекті оңай сындырып, жарақат алуы мүмкін. Немесе, олар сынбайтын қалың әйнектен жасалауы керек. Жылыту батареяларын ағаш тіректермен қоршаған дұрыс. Кей жағадайларда балалар шкафтың, ілінетін сөрелердің, вазаның, шыны ыдыстың т.б. нәрселердің құлауы салдарынан жарақат алуы мүмкін. Жиһаздар құламайтындай мықты бекітілуі және оның үстінде тұрған заттар дұрыс орналастырулары тиіс. Аквариум, құстары бар торлар, ілулі кашподағы гүлдер, оларды баптап күтуге лайықты болу үшін, бала бойының деңгейінде орналасуы тиіс.
Тамақтану кезінде балаларды үстел басына дұрыс отырғызбау, олардың ыстық тамақтан күйіп қалуына әкеледі. Сондай-ақ тәрбиеші мен ата-аналар баланы пышақ пне шанышқаны дұрыс қолдана білуге үйретуі тиіс. Кезекші балаларға ыстық тамақ тасуға қатаң тиым салынады. Топқа ыстық тамақ әкелетін тәрбиешінің көмекшісі өте сақ болуы тиіс. Бала үнемі тәрбиешінің қатаң қарауында болуы керек. Ауылдық жерлерде топқа ыстық су әкелінетін жағдайларда қауіпсіздік қатаң сақталуы тиіс.
Осылармен қатар дәрі-дәрмектермен улану жағдайлары да кездеседі, баланы әдемі қораптар қызықтырады, дәріні кәмпит екен жеп қоюы мүмкін.
Балалар арам шөптермен уланып қалмас үшін, ойын алаңдарында улы жемістер өсетін бұталарды, арам шөпті жұлып отыру керек.
Еңбек сабақтарында балалар кесетін, өткір, сүйір заттарды қолданбаулары тиіс. Балалардың ұсақ заттарды (ілгек, шеге және т.б.) ауыздарына салмауын қадағалау керек. Еңбек сабағына қажетті ине, қайшыны арнайы металл қорапшада ұстау керек. Ойын алаңдарында үлкен адамдарға арналған құралдарды балаларға пайдалануға болмайды. Жапырақ өртеу сияқты қауіпті жұмыстарға балаларды араластыруға болмайды, өйткені бұл балалар денсаулығына зиян келтіруі мүмкін.
Электр тогының соғуы салдарынан алынған жарақаттар тұрмыстық жарақаттануға жатады. Себепсіз электр заттарын пайдалануға болмайды. Тоққа қосу розеткалары балалардың бойынан биікте орналастырылуы тиіс.
Балабақшада жыртқыш құстарды, жануарларды ұстауға, тікенекті гүлдер мен өсімдіктерді өсіруге тиым салынады.
Спорттық жарақаттану көбінесе балабақшадағы ересек топтарда кездеседі. Бұндай жарақаттарға спорттық құралдардың тиісті деңгейде бекітілмеуі, сырғанақ еден, қауіпсіздік ережелерін сақтамау, шанамен сырғанау кезінде жолда бөгде заттардың болуы, бассейнде шомылу кезінде оның тереңдігін білмеу, күн астында ұзақ болу кезінде күн тиюден қорғайтын бас киімнің болмауы және т.б. жағдайлар себеп болады. Қолданылатын спорт құралдарының сапасы, тазалығы, санитариялық жағдайы да назардан тыс қалмауы керек.
Ең ауыр жағдайларға әкелетін жарақаттану – көліктік, жол жарақаттары, көшелердегі жазатайым оқиғалар. Баланы жастайынан жол қауіпсіздігін сақтау дағдыларына үйрету керек. Бұндағы басты мақсат – баланы өзін-өзі көшеде ұстау ережесіне үйрету.
Жарақаттанудың алдын алуды балабақшадан бастау крек: қажетті кітаптар оқу, бейнефильмдер көру, әңгімелесулер, арнайы сабақтар өткізу, тиісті ұйымдармен кездесулер ұйымдастыру жұмыстарын өткізген дұрыс.
Жолдан өту кезінде баланың қолынан ұстап өту керек. Бала көшеге шыққан кезде, оған жан-жағына қарауды, жолдан өту ережелерін сақтауды жиі ескерту, бағдаршам туралы білімін үнемі бекітіп отыру керек.
Серуендеу кезінде балалармен ең кемінде екі ересек адам бірге болуы тиіс. Біреуі саптың басында, екіншісі соңында жүреді. Серуенге шығар алдында «Көше қозғалысы ережесі» тақырыбына әңгіме өткізіледі.
Арнайы сабақтарда балалар жол ережесі белгілерімен, әуе және жер үсті көліктерінің түрлерімен танысады.
Төменде көрсетілген жағдайларда алғашқы медициналық көмек көрсету:
Сызат жара немесе кесіп алу. Бұндай жағдайларда жарақаттанған жерді сабынды суға салынған мақталы тампонмен немесе таза дәкемен жуып тазалайды. Сондай-ақ жараны сутек тотығымен шайып таңып тастау керек.
Жәндіктер мен жануарлардан келген залалдар. Жәндіктер шағып немесе жануарлар тістеп алған жағдайда жедел жәрдем келгенше жарақаттанған жерді сабынды суға салынған мақталы тампонмен немесе таза дәкемен жуып тазалайды. Микробтар түспес үшін жараны тағы да сутек тотығымен тазалап, таңғышпен орап таңу керек.
Қан кету. Тамырлардан қан кеткен жағдайда, баланы тегіс орынға жатқызып, қолының немесе аяғының астына жастық қойып, жоғары көтеру қажет. Егер кесіп алғанда қан кеткен жағдайда, тек жарақаттың жан-жағын ғана сутек тотығына матырылған мақталы тампонмен сүрту керек, дәкеден бірнеше қабатты салфетка жасау және лейкопластырьмен бекіту қажет.
Қан көп кеткенде жарақаттанған жерді сәл көтеріп, таза дәкеден бірнеше қабатты салфетка жасап, қан тоқтағанша саусақпен қатты басып ұстау керек. Егер бұл шаралардан көмек болмаса және қан тоқтамаса, жара орнын резеңке бұраумен қатты таңып тастау керек.
Мұрыннан қан кеткенде алдымен баланы тыныштандырып, бірнеше минут орындыққа отырғызу қажет. Содан кейін басын бір жағына қарай бұрып, сәл көтеру керек. Мұрынға қол тигізуге болмайды. Бастың кез келген жеріне алдын ала сүлгіге оралған мұз басу керек.
Күйіп қалу. Егер күйік орны кішкентай болған жағдайда жарақат орнына вазелин немесе левомеколь майын жағу керек, ал ол үлкен және тері күлдіреген болса, күйікке арналған аэрольді шашып, левомеколь майы жағылған бірнеше қабатталған стерильденген дәкені күйік орнына қою керек. Жедел жәрдем келгенше күлдірген жараны ине немесе үшкір затпен тесуге болмайды. Ал күн сәулесінен күюден үнемі алдын ала сақтанып жүру керек. Ол үшін балаларға ақ түсті панамалар кигізу керек. Баланың денесіне крем немесе вазелин жаққан дұрыс. Балаға әлсін-әлсін қайнаған су беріп тұру керек.
Сіңір созылған жағдайда ауырған жерге мұз немесе суық су басып, дәкемен мықты етіп байлау керек, бұл ретте баланың тыныштығын сақтау керек.
Сүйектің сынуы. Сынған жерді қимылдамайтындай етіп таңып тастау керек, бұл ретте сынған жерді ғана емес, сонымен бірге оның айналасындағы дене бөліктерін де таңу керек
Буынның шығуы. Шыққан буынды мүлдем қимылдатпай қолда бар құралдары: тақтайша, картон, және т.б. пайдалана отырып таңып тастау керек.
Бала бөгде заттарды жұтып қойған кезде, тамақты зат әрі қарай өтіп кетпес үшін, оған нан бермеген жөн. Тез арада жедел жәрдем шақыру керек.
Тамаққа қақалған кезде баланың басын төмен қаратып, арқасынан қағу керек.
Мұрынға, құлаққа бөгде зат тұрып қалған кезде, оны қозғамау керек. Зат мұрнына кетсе баланы қатты сіңбіту керек. Құлаққа кетсе сілкілеу керек.
Шашалған кезде баланы ішпен жатқызып басын 30 сантиметрге 10 секундқа жоғары көтеру немесе жасанды тыныс алдыру керек.
Уланған кезде баланы керуетке ішпен, басын төмен қаратып жатқызу және оны құстыруға тырысу керек. Егер ол мүмкін болмаса, сұқ саусақты ауызға салып құстыру керек.
Осындай жарақаттарға байланысты шұғыл жағдайларда ересектердің де өздерін дұрыс ұстағаны жөн. Үлкендердің мінез-құлқы балалар үшін үлгі екенін ұмытпаңыздар!
Ақсұлтан Иманбаев
Атырау қалалық №5 емханасының дәрігер хирургі