Атырауда халықты жаппай вакцинациялау басталды 
 
Бүгін, 3 сәуірден бастап облыс халқына коронавирусқа қарсы екпе салу басталды. Облыстағы 22 егу пункті демалыссыз жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. 
 
Бұл туралы Атырау облысының Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев мәлім етті. 
 
Спикердің айтуынша, 
ағымдағы жылдың 3 сәуірінен бастап Атырау облыстық санитариялық, эпидемиологиялық бақылау департаментінің 2021 жылғы 2 сәуірдегі № 24-27-03/346 хатына сәйкес "Спутник V" вакцинасы халықты жаппай вакцинациялау үшін пайдаланылатын болады. Қала, аудан тұрғындары, кәсіпорындарда вахталық әдіспен жұмыс істейтін және басқа да санаттағы адамдар кіреді. 
 
- Ағымдағы жылдың 3 сәуірінен бастап барлық егу пункттері демалыссыз жұмыс істейтін болады. Вакцинаны тіркелген жері бойынша емханадан 18 жастан асқан адамдар ала алады, - деп түсіндірді Асхан Байдуәлиев. 
 
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 2 сәуірінде аймаққа 3 600 доза вакцина келді, олар облыстың 22 егу пунктіне таратылды. 
 
1 ақпан мен 2 сәуір аралығында Атырау облысына 3 600 доза вакцина жеткізіліп, 3 598 адам егілді. Оның ішінде 42 мемлекеттік қызметші, 1611 медицина қызметкері, 1413 педагог, 486 полиция қызметкері, 46 өзге адамдар вакцинацияланды.