- Бүгінде қазақ халқы қаһармандықпен қол жеткізген Тәуелсіздігімізге жиырма бес жыл. Бұл мереке әсіресе, Тәуелсіздіктің құрдастары үшін ерекше мейрам. Мен де егемен елдің құрдасымын. Мен 1991 жылы қазақ халқымыз азаттықтың ақ таңын қарсы алған шақта дүниеге келгенмін.
Тәуелсіздіктің төл құрдасы атану мен үшін үлкен мәртебе, бақыт және мақтаныш. Сол себепті де 25 жыл бойы дербес Қазақстанның ұрпағының қатарынан екенімді өмірімнің қай кездері болса да мақтанышпен айтып жүремін.
- Мен 1991 жылы 9 шілдеде БҚО, Сырым ауданында дүние есігін аштым. 11 жылдық мектепті тәмамдап, Ақтөбе қаласындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Медицина Университетінде 5 жыл білім алдым. Қазір Атырау қаласындағы №5 қалалық емханада аянбай еңбек етіп келемін. Мен үшін туған еліме, жеріме қызмет ету үлкен мәртебе.
- Менің ойымша, тәуелсіз мемлекет атанып, жаңа өмірге қадам басқан Қазақстанмен бірге туылып, бірге өсу үлкен сынақ деп ойлаймын. Тарих беттерінен бодандықтан арылған күннен осы кезге дейін, яғни мен туылып өскенше, еліміз талай қиын кезеңдерден өткенін байқаймын. Бар тірлікті жаңадан бастаған мемлекетіміздің алдында көптеген асуларды бағындыру қажет болды. Жаңа үкімет құру, заң қабылдау, жұмыссыздық, халықтың хал-ахуалын арттыру, ел экономикасын дамыту секілді алуан белестер өту кезеңдері тұрды. Талайдың тезінен қаймықпаған халқымыз бұл асу мен белестерді де абыроймен басынан өткерді. Қазақ тілінің тұғыры ерекше мәртебеге ие болды. Білім ошақтарында жаңа жүйе бойынша білім қуып, жаңа басылған оқулықтармен оқыдық. Жаңашылдықтарға тап болып, оларды еңсеру жолын ұстанған еліміз міне, бүгінде әлем таныған қауқарлы мемлекет.
- Сол шақтан бастап аға буын өкілдерінің бізге деген көзқарастары айрықша болды. Оны ес білген кезден-ақ байқай бастадым. Олар бір ерекше сеніммен, үміт артып қарайтын. Жас мемлекеттің жас ұрпақтарына барлық нәрсені үйреткісі келіп,
«Сендер – біздің болашағымызсыңдар», - деп айтып, мейірім танытатын. Тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде мемлекет тізгінін ұстайтын келешектің кемеңгерісіңдер деп сенім артып келеді. Сол сенімге әрқашан да жауапкершілікпен қарап, Қазақстанды өркендету үшін кішкентай болса да үлесімді қоссам деймін. Үнемі жетістікке жетуге тырысамын.
- Өмір есігін ашқаннан-ақ мен Тәуелсіз Қазақстанда өсудің артықшылықтарын көріп келемін. Бейбіт елде өміріме азық боларлық білімімді алдым. Жаңа Қазақстанның жаңашыл істеріне куә болып келемін. Қай жерге сапар шеккім келсе де егемендіктің арқасында жолым ашық екенін сеземін. Әке-шешем, ағаларым, туыстарымның ортасында әрқашан қолдауға иемін. Қолымнан бір іс келмей жатса, өзіме қазақстандықтар демеу беретінін сезінемін.
- Менің Қазақстаным бүгінде бойжетіп, әлемдік сахнада өзін мойындатқан ел. Әлемде соғыстар, апаттар, қайғылы оқиғалар күн сайын орын алып жатқанда, мен аспаны ашық, тұғырлы елде туылғаныма сансыз шүкіршілік етемін. Бізді азат ел ету жолында жанын құрбан еткен ата-бабаларымыз, аға-апаларымызға айтар алғысым шексіз.
- Мен - тәуелсіздіктің құрдасымын. Сондықтан дербес Қазақстанның дамуына үлес қосу, біздің елдің бетке ұстар азаматы болу – менің басты арманым. Осы арман жолында еш аянбаймын. Тәуелсіздіктің 25 жылдығында еліміз үлкен белестерді бағындырып, дамудың дара жолына түсті. Осы ретте, ерекше қарқынмен өркендеп келе жатқан мемлекеттің мерейін көтеріп, байрағын желбіретер Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары екені айқын. Сол себепті де біз мұндай мәртебелі іске әрқашанда әзірміз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биіктей берсін!
Асет ХАМИТОВ
Атырау қалалық №5 емхана бөлім меңгерушісі